Сенбі, 20 Қазан 2018
Талдықорған Жетісу аймағы Қаратал өзенінің бойында Жоңғар Алатауының батыс жағында орналасқан, солтүстіктен оңтүстікке қарай 11 км, батыстан шығысқа – 17,5 км созылып жатыр, теңіз деңгейінен 650 м-ден астам биіктікте орналасқан.

«Нұр Отан» партиясының сайлауалды тұғырнамасы

«Нұр Отан» партиясы

XVII съезінің

2016 жылғы 29 қаңтардағы №001

қаулысымен бекітілген
 

 

 

 

ҚАЗАҚСТАН – 2021:

БІРЛІК. ТҰРАҚТЫЛЫҚ. ЖАСАМПАЗДЫҚ

 

«Нұр Отан» партиясының

сайлауалды бағдарламасы

 

 

 

 

Астана, 2016 жыл

 

 

МАЗМҰНЫ

 

1. ТАҒДЫРШЕШТІ КЕЗЕҢ

2. ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ ТОПТАСТЫРУ ПАРТИЯСЫ

3. ЖАҺАНДЫҚ  СЫН-ҚАТЕРЛЕР ЖӘНЕ ЖАҢА ШЫНАЙЫ АХУАЛ

4.1. БЕС ИНСТИТУТТЫҚ  РЕФОРМА: ҚАУІПСІЗ БОЛАШАҚТЫ  ҚҰРУ

4.2. «НҰРЛЫ ЖОЛ» ЖАҢА  ЭКОНОМИКАЛЫҚ  САЯСАТЫ

4.3. АШЫҚ ЕУРАЗИЯНЫ ҚҰРУ

5. ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТҮРЛЕНУ БАҒЫТТАРЫ

5.1. НЕГІЗГІ САЛАЛАРДЫ ДАМЫТУДЫҢ ЖАҢА СТРАТЕГИЯСЫ

5.2. БАРШАҒА АРНАЛҒАН ИННОВАЦИЯЛАР  – ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ СЫН-ҚАТЕРЛЕРГЕ ЖАУАП

5.3. ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУ ЖӘНЕ НӘТИЖЕЛІ МЕНШІК ИЕЛЕРІН ҚОЛДАУ

5.4. ОРТА ТАП – ЕЛДІҢ ЖАЛПЫ  ДАМУЫНЫҢ  РЕСУРСЫ

5.5. ЖАҢА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ САЯСАТ

5.6. ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК

6. ЖАҢА  ӘЛЕУМЕТТІК САЯСАТ

6.1. ТИІМДІ ӘЛЕУМЕТТІК МЕМЛЕКЕТ

6.2. ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ӘЛСІЗ ТОПТАРЫН ҚОЛДАУ

6.3. ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ

6.4. ЖАҢА ТҰРҒЫН ҮЙ САЯСАТЫ

6.5. ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МЕН БІЛІМ БЕРУДІ ҮЗДІК ӘЛЕМДІК СТАНДАРТТАРҒА ЖЕТКІЗУ

6.6. ЖАҢА  ЕҢБЕК САЯСАТЫ

7. ҚАУІПСІЗДІК ЖӘНЕ ТҰРАҚТЫЛЫҚ

7.1. ҚАЗАҚСТАННЫҢ  БЕЙБІТ  СЫРТҚЫ САЯСАТЫ

7.2. СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН  КҮРЕС

7.3. ЭТНОСАРАЛЫҚ ТАТУЛЫҚ ПЕН КЕЛІСІМДІ ҚОРҒАУ

8. БІРГЕМІЗ – БЕРІК ІРГЕМІЗ: ХХІ ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН

 

 

 

 

1. ТАҒДЫРШЕШТІ КЕЗЕҢ

 

 

Келе жатқан күрделі кезең біз үшін еңсеру кезеңі болады. Біз жаңа жаһандық дағдарысты міндетті түрде жеңеміз. Бұл үшін бізде біртұтас ерік-жігер, халық бірлігінің берік дәстүрлері бар. Біз Қазақстанымызды дамудың жаңа межесіне шығаратын боламыз!

Нұрсұлтан  Назарбаев

 

 

Әр халықтың өмірінде ұлттық болмысының барша  қуатын танытатын  кезеңдер болады. Міне, сол тағдыршешті кезең туды.

Өркениеттер қайшылығы, бұрынғы тежемеліктің және тепе-теңдіктің бұзылуы – осының барлығы қазірдің өзінде азамат  соғысы мен қарулы қақтығыстардың жаңа ошақтарының өршуіне  алып келді. Адамдар қаза болып,  босқындар баспаналарын тастап кетуге мәжбүр болуда. Әлемдік экономика тағы да дағдарыс қыспағына түсті. Жер жүзінде  болып жатқан тектоникалық өзгерістер тұтастай мемлекеттердің күйреуіне соқтыруы мүмкін. Жаһандық сынақтар дәуірі әлсіз елдерді тарих сахнасынан ысырып  тастайды.

Алдымыздағы бес жыл  Қазақстанның ХХІ ғасырдағы  тағдыр-талайын айқындайды.  Еліміздің беріктігі, біздің барлығымыздың беріктігіміз сынға түсетін болады.  Баршамызды елді жаңғыртуда ауқымды жұмыс күтіп  тұр.

Біздің  міндетіміз елді  сақтау,  Егемендікті нығайту және  Ұлттың  болашағына батыл жол салу. Біз жаһандық сын-қатерден бұғып қала алмаймыз. Оған қасқайып  қарсы тұруға тиіспіз.

Біздің Көшбасшымыз біреу – Нұрсұлтан  Әбішұлы Назарбаев. Біздің бір ғана ортақ ұлы Болашағымыз бар. Жеңісіміз  де ортақ болады.

Елбасының  басшылығымен тамаша ел құрдық. Тұңғыш  Президентпен бірге ауқымды үш дағдарысты: КСРО-ның ыдырау дағдарысын, 1998 жылғы  Азия дағдарысын және 2008 жылғы әлемдік қаржы  дағдарысын еңсеріп шықтық. Бүгінде қиын күндердің сын-қатеріне қасқая қарсы тұрып, біз былай дейміз:

Қазақстан – біздің ортақ үйіміз. Қазақстан – біздің қамалымыз. Нұрсұлтан Назарбаев – біздің Көшбасшымыз.

Президент асқақ стратегиялық міндет – жетекші экономикалардың отыздығына кіру міндетін қойып  отыр. Біз бұған қалай жетуді білеміз. Біз нақты іс-қимыл жоспарын  басшылыққа аламыз.

Бізде ұзақмерзімді «Қазақстан 2050» стратегиясы бар. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы  бар. Тағдыршешті 5 реформа  және  «100 нақты  қадам» Ұлт Жоспары бар. Іске кірісуге  білек сыбанған ерік-жігер бар.

«Нұр Отан» басқарушы партия  ретінде,  мәселелермен бетпе-бет  келуден  ешқашан тайсалмайтын, қайта оларды  дәйекті және  жүйелі  түрде  шешетін жетекші  саяси күш ретінде  отандастарымызға өзінің сайлауалды бағдарламасын ұсынады.

Біз өзіміздің ортақ  болашағымыз үшін  жауапкершілікті өзімізге  жүктеуге, Қазақстанның Тәуелсіздігін  қорғауға  және өз Отанымызды болашақтағы дүние  дидарында  орнықтыруға дайынбыз. Бұл біздің бүгінгі заманның жаңа  сын-қатерлеріне қайтарар жауабымыз осындай.

Бүгінгі  таңда  Көшбасшының ерік-жігері  мен  Ұлттың  ерік-жігері  жұдырықтай жұмылулы.

Көшбасшының ерік-жігері   болашаққа бастайды. Ұлттың  ерік-жігері   болашақты қалыптастырады.

«Нұр Отан», – ұлттың ерік-жігер  партиясы. Біз – жалпыұлттық топтастыру  партиясымыз.

2. ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ ТОПТАСТЫРУ ПАРТИЯСЫ

 

 

...Партия қоғамның басты топтарын біріктіре отырып, қазақстандықтарды жалпыұлттық міндеттерді шешуге жұмылдыра алды. «Нұр Отан» қоғамның барлық сұраныстарына шұғыл үн қататын топтастырушы әрі жауапты бұқаралық саяси ұйымға айналды.

 

Нұрсұлтан  Назарбаев

 

 

Бізге сүйікті  еліміз Қазақстан  үшін ұлы жауапкершілік жүктеледі.

«Нұр Отан» – елдің жетекші саяси күші. Біз – көшбасшы партиямыз. Біз – Елбасының  партиясымыз. Сондықтан да біз, нұротандықтар, Қазақстанның болашағы үшін әрқайсымыздың толық  жауапты екенімізді пайымдаймыз.

«Нұр Отан» – жалпыұлттық топтастыру партиясы.

Президент  Нұрсұлтан  Назарбаев біздің партиямызды 1999 жылы құрды.  2016 жылы 1 наурызда «Нұр Отанға» 17 жыл толады.

«Нұр Отанның»  17 жылы – жұмылу жылдары, біздің еліміздің ел Прези дентінің жоспарларына сәйкес серпінді  даму жылдары.

17 жыл бойы Қазақстан  экономикасы ұдайы  орташа  жылдық 7% қарқынмен өсіп отырды. Нұрсұлтан  Назарбаев моделінің арқасында осы 17 жылдың әр жылы бізде экономикалық өсуге қол жеткізілді.

Осы жылдар  ішінде  Қазақстан  экономикасы 21 есе, жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 17 есе өсті. Халықтың табысы 12 есе, орташа  айлық зейнетақы 10 есе артты.

Соңғы 10 жылда біз 70 млн шаршы метр тұрғын  үй салдық.

Елбасы – партия  Көшбасшысының бастамасы  бойынша 2000 жылы  Ұлттық қор құрылды, онда қазір едәуір қаржы – 63,5 миллиард АҚШ долларынан артық  қаражат жинақталған. Бұл қаражат бізге 2008-2009 жылдардағы әлемдік қаржы  дағдарысы кезіндегі күрделі  мәселелерді шешуге  мүмкіндік берді және бүгінде Қор жаңа жаһандық сын-қатерлерге төтеп беруге көмектесуде. Ел Президенті, партиямыздың Көшбасшысы қаржыны болашақ  ұрпаққа сақтау  және  әлемдік дағдарысты еңсеру үшін  Қорды пайдалануға ұқыптылықпен және прагматизммен қарау  міндетін қойды.

Елбасы жүргізіп  жатқан үдемелі  индустрияландыру саясатының арқасында

Қазақстан  экономиканы әртараптандыру үшін қуатты негіз жасап үлгерді.

Индустриялық бағдарламаның 5 жылында (2010-2014) өңдеуші өнеркәсіптің

28 жаңа  секторы  пайда  болып,  оның  көлемі  1,3 есе өсті. Дәстүрлі мықты болып  саналатын металлургия мен  тамақ өнеркәсібі  салаларына жаңадан қарқынды дамып жатқан машина жасау мен мұнай өңдеу салалары  қосылды.

Бірінші  бесжылдықта машина жасау  өнімдерін шығару 2,2 есе, ал экспорт

3 есе өсті. 800-ден  астам  индустриялық жоба  жүзеге асырылды. Өнімнің  400-ден астам жаңа түрін  шығару игерілді.

Ауыл  шаруашылығын  жаңғырту Қазақстанның әлемдегі  астық  экспорттаушыларының таңдаулы ондығы  қатарына кіруіне  мүмкіндік берді. 5 жыл ішінде жылыжайлардың аумағы 4,6 есе өсіп, 8,5 млн шаршы метрге жетті. Елдің азық-түлік қауіпсіздігі проблемаларын шешу  үшін жағдайлар жасалды.

Ең бастысы: 17 жылдың ішінде  Қазақстан  халқы  3 миллион адамға  көбейіп,

17,6 миллионға жетті.  Біздің  балаларымыздың жаңа  буыны  өсіп келеді.  Партияның басты қамқорлық жасайтын ісі – олардың Болашаққа барар жолын жарқын ету.

Қазақстанда 17 жылда болған өзгерістерді  шетелдік сарапшылар экономикалық керемет  деп атайды. Экономикалық серпіннің авторы – біздің Елбасымыз.

«Нұр Отан» – Нұрсұлтан  Назарбаевтың партиясы.

Бүгінгі  таңда  елдегі  бірде-бір  саяси күште  «Нұр Отандағыдай» көшбасшы, дәл  біздегідей  басқару  тәжірибесі,  дәл  осындай  даярлығы кәміл  кадрлар жоқ.  Сондықтан «Нұр Отаннан»  өзге бірде-бір саяси күш алдағы  бес жылдың сын-қатерлерін еңсере алмайды.

Біз алдымызда қандай қиындықтар тұрғанын да, «Нұр Отан» партиясына Қазақстанның тағдыры  үшін  қандай жауапкершілік жүктелетінін де жете ұғынамыз.

Патриот болу – жай ғана сөз емес. Патриот болу – қиын  күндер  туғанда

Отаның үшін  күресу деген  сөз. Патриотизм әр күн сайын іспен тексеріледі.

«Нұр Отан» Елбасының  саяси жасағы  ретінде,  биліктегі  партия  ретінде  бүкіл жауапкершілік салмағын сезіне отырып,  ұлттық патриоттық жұмылуға шақырады.

Қазіргі кезде патриот болу – Тәуелсіздік жылдарында қол жеткенді сақтау деген  сөз. Ол дегеніміз – біздің  жас экономикамыз бен елімізді  жаһандық жойқын дауылдан қорғау.  Болашаққа жол ашу,  Реформаларды жүргізу,  тіпті,  дағдарысқа да қарамастан, елдің Өсуі мен Дамуын  қамтамасыз ету.

Алда сын кезең  күтуде.  Алдағы 5 жыл, бәлкім,  партияның өткен  тарихындағы  ең  қиын кезең  болар.  Қазір  босаңситын,   бұрынғы  табыстарға   тоқмейілситін уақыт  емес.

Бүгінгі  таңда   «БІЗ ҚАЗАҚСТАН  ҮШІН ЖАУАПТЫМЫЗ»  деп  айта  алатын жалғыз саяси күш – «Нұр Отан» партиясы.

 

 

3. ЖАҺАНДЫҚ  СЫН-ҚАТЕРЛЕР ЖӘНЕ ЖАҢА ШЫНАЙЫ АХУАЛ

 

Бұрын әлсіз мемлекеттер едәуір ұзақ уақыт тұра алатын. Бүгінде бәсекеге дайын емес экономикалар санаулы-ақ жылдарда күйреуі мүмкін.  Тарих тек екі түрлі баға бере алады – не ұтасың, не ұтыласың. Ешқайдан, ең дамыған деген елдің өзінен де ешкім бізге келіп, игілікке бөлеп бермейді, оны тек өзіміз жасай аламыз.

 

Нұрсұлтан Назарбаев

 

ХХІ ғасыр  қатал уақыт  кезеңі  болып  шықты. Жаңа  ғасырдың алғашқы онжылдығы біршама тыныш өтіп  еді. Қазақстан  тұрақтылық жылдарын экономикалық серпіліс үшін барынша пайдалана алды.

Енді жаңа ахуал қалыптасты, оның  мәні бүкіл әлемдік тәртіптің тұрақсыздануына келіп тіреледі.  Біз осы жаңа ахуалға  бейімделуге тиіспіз.

Біздің партиямыз алдағы  қатерлерді көріп отыр, әрі ауыр  жылдардың келе жатқанын барша азаматтарға ашық айтады.

Жаһандық күйзелістер қазірдің өзінде  басталды.  Сондықтан да біз, қазақстандықтар, өзімізге де, бар әлемге де ҚУАТТЫ ҰЛТ екенімізді тағы да дәлелдеуге тиіспіз. Біз осы сын-қатерлерді де еңсеруге қабілеттіміз.

 

Қазір Қазақстан үшін  5 жаһандық сын-қатер  айқындалды.

 

1.         Әлемдік  экономикалық дағдарыс  –  әлемдік сауданың құлдырауы,  шикізат нарығының дағдарысы. Бес жылдан бері әлем экономикасының жалпы баяулауы жалғасып  келеді. Әлемдік сауда көлемі кеміп  барады. Шикізат бағасы төмендеді және қазір де төмен күйінде тұр. Әлемдегі қарқынның баяулауы, әсіресе, дамушы елдерге  ауыр  тиюде. Қазақстан  үшін  сыртқы нарық тарылып барады. Бұл үдеріс ұзаққа созылады.

2. Әлемдік валюта дағдарысы – девальвациялар жарысы. Барлық  дамушы елдердің валюталары құнсызданып  барады.  Бұл жаһандық тренд.  Девальвация біздің ұлттық валютамызды да шарпыды.

3. Әлемдік   геосаяси  дағдарыс.   Қақтығыстар  өрши   түсуде.  Санкциялық және сауда-саттық соғыстар жүріп жатыр. Халықаралық қауіпсіздік жүйесіне  қауіп  төнді. Қазақстан  тек өзіне сене алады.

4. Әлемдік экстремизмнің шабуылға шығуы.  Экстремизм Таяу Шығыстың немесе Батыс Африканың өңірлік  проблемасы  болудан қалды,  сөйтіп, жаһандық күшке  айналды. Бірде-бір ел одан толық қорғалмаған.

5. Әлемдік  миграциялық дағдарыс.  БҰҰ-ның мәліметтері бойынша 2014 жылы әлемде  60 миллион адамның  орын ауыстырғаны тіркелген. 2015 жылдың қорытындысы бойынша олардың қатары тағы  да  көбейе түсті. Босқындар  саны  рекордтан рекордқа жалғасып барады.  Мұндай  жағдай  Екінші  дүниежүзілік соғыстан  кейін  болып  көрмеген еді. Бүгінде жүздеген мың босқын Еуропаның тынышын алуда, ертең миграциялық толқындар Орталық  Азияға жайылып кетуі мүмкін.

Жоғарыда айтылған қиратушы факторлардың қабаттасуының негізі – жаңа кейіпке ауысқан әлемдік дағдарыс.  Бұл әлемдік экономиканың дағдарысы емес. Бұл саясаттың  дағдарысы емес. Бұл ӨРКЕНИЕТТІҢ ДАҒДАРЫСЫ.

Алдымызда тұрған  қиындықтардың бәрін  бағамдай  келе,  «Нұр Отан» партиясы уақыттың сын-қатерін қабылдауға белді  бекем буады.

Жаһандық қатерлерге жауап  ретінде  бізде іс-қимылдың нақты  жоспары бар.

Елбасымыз  елдің  алдына 5 институттық  реформаны жүзеге  асыру  міндетін қойды,  бізге «100 нақты  қадам»  Ұлт Жоспарын ұсынды.

Президент   Нұрсұлтан   Назарбаев   жария   еткен   реформалардың  баламасы жоқ. Әлемдік сын-қатерлерді жеңудің жалғыз мүмкін жолы осы. БҰЛ- ӘЛЕМДІК ЖОЙҚЫН ДАУЫЛ ТОЛҚЫНДАРЫН ҚАҚ ЖАРЫП, ҰЛТТЫҢ ҚАУІПСІЗ БОЛАШАҒЫНА  ӨТЕТІН ЖАЛҒЫЗ ЛАЙЫҚТЫ ЖОЛ.

 

***

Біздің партиямыздың стратегиясы – БІРЛІКТЕ.

1.    Біз – Ұлт Көшбасшысының партиясымыз. Елбасының  саяси ерік-жігері бәрімізге  алға  қарай  батыл  ілгерілеуге мүмкіндік береді. Ұлтты жеңіске  ТЕК ЕЛБАСЫ ғана жеткізеді.

2.   Біз – Қазақстан  бірлігінің  партиясымыз. Біздің қатарымызда барлық  этностардың, барлық  діни  конфессиялардың, Қазақстан  қоғамының барлық  топтарының өкілдері  бар. Біз бүкіл  Қазақстан  халқын және  елдің жалпыұлттық мүдделерін танытамыз.

3.   Біз – жалпыұлттық жауапкершілік партиясымыз. Жаңа нақты жағдайда «Нұр Отан» ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ ТҮГЕЛДЕЙ өзіне алады.

Жоғары моральдық рух, үйлесімді жұмыс, өзіне сеніп тапсырылған жауапты учаскедегі нақты іс, Отанға  адалдық, жеңіске  жетуге  деген  ерік-жігер –  осынау  отаншылдық қасиеттерді біз сынаққа толы  алдағы  күндерде, айлар  мен жылдарда толық  танытуға тиіспіз.

 

 

4. ІС-ҚИМЫЛДЫҢ НАҚТЫ ЖОСПАРЫ

 

Қазір біз экономиканы, мемлекет пен қоғамды дамытудың ең ілкімді жаһандық модельдеріне бой теңестірудеміз. Қазір әлемде өзінің жалпыұлттық  арманын дәл осылай: ғасырлардың ұмыт қалдырған жадынан шыға сала әлемнің аса айбынды ұлттарымен бір қатарда тұруға деген ұмтылысымен өрнектегендер сирек болар.  Біз Қазақстанның осы тарихи тағдырына сенеміз.

 

Нұрсұлтан Назарбаев

 

Әлемдік  жаңа  шынайы ахуалға  біз тез бейімделіп, сыртқы  сын-қатерлер мен есеңгіретерлік жағдайларға  дер  кезінде  жауап  қайтаруға тиіспіз.  Бұл  үшін  біздің бұған дейінгі  жетістіктерімізді орнықтыру, Мемлекетті  бұрынғыдан да нығайта түсу маңызды.

 

4.1.   БЕС ИНСТИТУТТЫҚ  РЕФОРМА:  ҚАУІПСІЗ БОЛАШАҚТЫ  ҚҰРУ

 

Елбасы жария  еткен  5 институттық реформа мен  «100 нақты қадам»  Ұлт Жоспары елдің  қағидатты түрде жаңа  институттық ортасын  қалыптастырады және оның ұзақ жылдар  бойы орнықты дамуы үшін берік негіз қалайды.

Бұл 5 реформаның әрқайсысы дамудың қазіргі  кезеңінде Қазақстанның алдында  тұрған барынша өзекті проблемаларын шешеді.

1.         Отыз дамыған мемлекет қатарына сенімді  түрде  ілгерілеу  үшін  ЗАМАНАУИ ТИІМДІ МЕМЛЕКЕТТІК АППАРАТ  керек.  Ел Президентінің бірінші институттық реформасы мемлекеттік қызметтің заманауи мансаптық моделін жасайды,  сыбайлас жемқорлыққа жол бермейтін мәдениет қалыптастырады және  коррупция  көріністері пайда  болатын жағдайларды жояды.

2.        Құқықтық мемлекет құру  жолында біз өзіміздің басты басымдығымыз ретінде  ЗАҢНЫҢ  ҮСТЕМДІГІН айқындадық. Екінші  институттық реформа сот жүйесін жаңғырту, судья кадрларын іріктеу  мен даярлау жүйесін жетілдіру арқылы азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған. Құқық  қорғау  органдары өз қызметінде азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының басымдығын басшылыққа алуға тиіс.

3.        Ұзақмерзімді және орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін  біз ІС ЖҮЗІНДЕ  ЕЛДІҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ  ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ДАМУЫНЫҢ  БАРЛЫҚ САЛАЛАРЫНДА ҚҰРЫЛЫМДЫҚ РЕФОРМАЛАРДЫ жүргізуіміз керек. Осыған байланысты үшінші институттық реформа салыстырмалы бәсекелестік  артықшылықтарды  барынша пайдалануға, адам  капиталын дамытуға және экономикада жеке секторды  кеңейтуге күш  шоғырландырады. Әлеуметтік салада білім беру, денсаулық сақтау,  еңбек қатынастары жүйелерін жаңғыртылады.

4.        Көпэтносты   Қазақстан   өзінің   бұл  ерекшелігін  артықшылық ретінде  пайдаланатын болады.  Төртінші  институттық реФорма  ҰЛТТЫҢ БІРТЕКТІЛІГІ МЕН БІРЛІГІН нығайтуға бағытталған, мұның өзі, түптеп  келгенде, барша қазақстандықтарды топтастыруға және БОЛАШАҒЫ БІРТҰТАС ҰЛТ қалыптастыруға мүмкіндік береді.

5. Президенттің бесінші  институттық  реформасы «АШЫҚ ҮКІМЕТ»  қалыптастыруды міндет  етіп қояды,  ол өзін өзі реттеу мен жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту арқылы мемлекеттік мәселелерді шешуге  қатысуға, сондай-ақ азаматтардың ақпарат алу құқын кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер береді.

 

4.2. «НҰРЛЫ ЖОЛ» ЖАҢА ЭКОНОМИКАЛЫҚ САЯСАТЫ

 

Елбасы дер кезінде бастамашы болған Инфрақұрылымдық дамудың «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы  жаңа шынайы жағдайда тұрғындардың экономикалық белсенділігінің басты қозғаушысына айналады.

2016-2019 жылдары 395,5 мың жұмыс орны құрылатын болады. Бұл үшін 22,5 млрд АҚШ доллары бөлінді, ол көлік, тұрғын үй және әлеуметтік инфрақұрылымдар саласында ауқымды құрылыс жұмысын бастауға мүмкіндік береді.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасын жүзеге асыру мәресіне жетіп қалды. Жобаның  2017 жылы  толық  аяқталуы 2452 шақырым автожолды реконструкциялауға және салуға мүмкіндік береді.

Маңғыстау   облысындағы Құрық  порты паром  кешенінің құрылысы, Алматы  1 – Шу учаскесінде электр  желілерін тарта  отырып,  біртұтас  екінші теміржол табандарын салу, Астана қаласындағы халықаралық әуежайды реконструкциялау жөніндегі  жобалар іске асырылады.

Партия  еліміздің барлық  аймақтарында апатты  жағдайдағы мектептерді, үш  ауысымды оқытуды  және  мектепке дейінгі  мекемелердің тапшылығын жою мәселелерін шешетін болады.  2017-2018 жылдары 34 мектеп  пен  17 балабақша салынады. Бұл мәселе үнемі біздің бақылауымызда болады.

Азиядан  Еуропаға «Еуразиялық  трансқұрлықтық дәліз»  мультимодальдық  көлік дәлізін құру  жөніндегі  жоба жүзеге асырылуда: Қытайдан Қазақстан арқылы (Ақтау  порты)  Әзірбайжанға,  Грузия  мен  Түркияға  апаратын Транскаспий жолбағыты   дамытылуда.  Қытайдың  Шығыс  жағалауынан  және  Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен Қазақстанға және одан әрі Еуропаға жөнелтілетін жүк тасымалы үшін маңызды транзиттік нүкте  ретінде  Ляньюнган  портында Қазақстан-Қытай терминалы жұмыс істеуде.

 

4.3. АШЫҚ ЕУРАЗИЯНЫ ҚҰРУ

 

2015 жылдың  1  қаңтарынан Еуразиялық  экономикалық  одақ  жұмыс  істей бастады,  ол Қазақстан үшін өнім  өткізу  нарықтарын кеңейтуге, көлік  және энергетика инфрақұрылымына тең дәрежеде қол жеткізуге, тауарлардың, жұмыстың, қызметтер мен капиталдың еркін қозғалысы үшін жағдай  жасауға мүмкіндік берді.

2015 жылы 30 қарашада біздің еліміз Дүниежүзілік сауда ұйымына ресми түрде  кірді,  бұл бізге әлемдік саудада  толыққанды ойыншыға айналуға және елдің инвестициялық тартымдылығын едәуір арттыруға жағдай  жасайды.

2015 жылғы  21 желтоқсанда біз өзіміздің ірі сауда  әріптесіміз – Еуропалық  Одақпен  кеңейтілген әріптестік   жөніндегі   келісімге   қол  қойдық. Бұл  тауарайналымының одан  әрі өсуіне және Еуропа елдерінен жаңа  инвестициялар тартуға бағытталған маңызды қадам.

Қытаймен бірлесіп «Ұлы Жібек жолының экономикалық белдеуін» құру жобасын  жүзеге  асыру  еліміздің Еуразиядағы аса ірі транзит хабы ретіндегі  орнын нығайта түседі. Өндірістерді Қытайдан Қазақстанға көшіру  жөніндегі Бірлескен инвестициялық бағдарлама  қағидатты түрде маңызды рөл атқаратын болады. Химия, металлургия, машина жасау, энергетика және көлік сияқты  секторларда жалпы құны  24 млрд АҚШ долларына тең 52 инвестициялық жоба іске асырылады.

2015 жылы Қазақстан  капитализациясы 100 млрд АҚШ долларын құрайтын Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің негізін қалаушы-ортақ құрылтайшыларының бірі болды. Бұл жаңа  жаһандық институтты біз инфрақұрылымды, энергетиканы, көлік пен логистиканы дамыту үшін пайдаланатын боламыз.

 

Бұл  қадамдар елімізге   геосаясатта  және  әлемдік  экономикада жаңа рөл иеленуге жағдай  жасайды.  Ұлттық экономика мен қазақстандық бизнес жаһандық тауарлық және технологиялық тізбектерге  қосылу  үшін  жаңа мүмкіндіктер алады.

 

 

 

 

 

 

 

 

5. ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТҮРЛЕНУ БАҒЫТТАРЫ

 

Жаңа шынайы ахуалдың жаһандық сын-қатерлерін ескере келгенде, дамыған  экономикалардың отыздығына кіру  жөніндегі  стратегиялық мақсатқа жету үшін  Қазақстан қазіргі  экономикалық және  қаржы  модельдерін қайта  жаңартуы қажет.

 

5.1. НЕГІЗГІ САЛАЛАРДЫ ДАМЫТУДЫҢ ЖАҢА СТРАТЕГИЯСЫ

 

Экономиканың негізгі салаларының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін біз қазақстандық тауарлар экспортының географиясын кеңейтеміз, қайта өңдеуді  тереңдетеміз және минерал-шикізат базасын ұлғайтамыз.

Алдағы 5 жылда индустриялық дамудың негізгі басымдығы анағұрлым перспективалық төрт бағытта жүргізіледі.

1)      Біз еліміздің тау-кен металлургия кешенін дамытуда басымдықтарды ауыстырамыз. Бұл – 4 және 5 мәрте өңделетін түсті металлургияға, сирек кездесетін металдар мен минералды шикізатты кешенді қайта өңдеуге көшу. Бұл қадам 2021 жылға қарай  түсті металлургия экспортын  20 %-ға өсіруге мүмкіндік береді.

2)    Біз геологиялық барлау жұмыстарын белсенді жүргізу, мұнай мен мұнай өнімдері  нарығын ырықтандыру, тасымалдау бағытын  әртараптандыру арқылы мұнай-газ секторының бәсекеге қабілеттілігін арттырамыз.

3)  Біз экономиканың электр энергетика секторына  инвестициялар ағынын  қамтамасыз етеміз.  Бұл үшін  2019 жылы  «KEGOС»  АҚ-ның  Есептік-қаржы орталығы негізінде  Қуатты  және  жаңғыртылатын энергия  көздерін  бірыңғай  сатып алушы  моделін енгізіп, өңірлік электр желілік компаниялардың саны қысқартылады және энергиямен жабдықтаушы ұйымдар ірілендіріледі.

4)    Аграрлық   сектор   Қазақстанның  болашақ   экономикалық өсуінің басты драйверлерінің біріне  айналады. Негізгі екпін  ауыл шаруашылығына арналған  инфрақұрылымды және аграрлық ғылымды дамытуға, жаңа технологияларды енгізуге  түспек.  Ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі 2021 жылға қарай 1,5 есе өседі.

Ауыл шаруашылығын мемлекеттік субсидиялау нақты өнім өндіруге  бағытталатын болады. Сертификаттаудың халықаралық стандарттарын енгізу арқылы біз экспорттық ауыл шаруашылығы өнімдерін Қытай, Түркия және Швейцария нарықтарына  шығарамыз. Ішкі  нарықты отандық тамақ өндірісі  өнімдерімен толтыру үшін жағдай  жасайтын боламыз. Алдағы 5 жылда құс еті импортының үлесін 55%- дан  40%-ға дейін,  сүт импортының үлесін  28%-дан 25%-ға дейін  қысқарта аламыз және солай жасауға тиіспіз.

Көршілес облыстарды  отандық өндірушілердің қажетті  өнімімен қамтамасыз ету мақсатында өңіраралық ынтымақтастық күшейетін болады.

 

5.2.      БАРШАҒА АРНАЛҒАН  ИННОВАЦИЯЛАР  – ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ СЫН-ҚАТЕРЛЕРГЕ ЖАУАП

 

Әлемде  «жаңа  технологиялар пакеті»  жинақталды, ол жетекші  елдерге  өздерінің экономикаларын таяу 5-10 жыл ішінде  мүлдем жаңа техникалық тәртіпке көшіруге  мүмкіндік береді.

Мұндай  «технологиялық бәсекелестік»  Қазақстан  үшін  сын-қатер болып табылады. Осыған байланысты «Нұр Отан» партиясы жоғары технологияларды дамыту міндетін қойып отыр.

Біздің жалпыұлттық басымдықтарымыздың бірі – «цифрлық қоғамды» кеңінен қалыптастыру. Бүгінде  жылдамдығы жоғары  интернет желісімен  Астана, Алматы  қалалары, облыс орталықтары мен  тұрғындарының саны  10 мың  адамнан асатын  елді  мекендер қамтылған.  Осының  арқасында біз Дүниежүзілік экономикалық форумның Желілік  қамтылу индексінде әлемнің 143 елінің  ішінде  40-ы орында тұрмыз.  2021 жылға қарай  адам саны 250-ден асатын барлық елді мекендер интернетпен қамтылатын болады.

Біз күш-жігерімізді осы заманғы  ІТ-инфрақұрылымды дамытуға жұмсаймыз.  Бұл, өз кезегінде,  экономиканың барлық  саласында онлайн-сауданың, электронды қызметтердің, цифрлық телевидение мен мобильді интернеттің, қашықтықтан оқытудың, өнеркәсіптік интернет (3D-принтинг)  пен BigData технологияларының жедел дамуына жағдай  жасайды.

Astana  Business  Campus негізінде  3 ғылыми-техникалық кластер:  жоғары технологиялар, биомедициналық  және  геологиялық кластерлер құрылады. Алматы қаласындағы Инновациялық технологиялар паркінде кем  дегенде  2 жаңа экспортқа  бағдарланған бағыт қалыптастырылып, өңірлік  стартап-хаб  пен трансұлттық компаниялардың қатысуымен технологияларды дамытудың 5 орталығы құрылады.

Біз технологияларды коммерцияландыруды ынталандыру ісін жалғастырамыз,  бұл инновациялық өнімдер  үлесін қазіргі  1,5%-дан  2021 жылға қарай  ЖІӨ-нің 2,5%-ына дейін  ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Астанада өтетін  «ЭКСПО-2017» көрмесі «ақылды» және «жасыл» экономиканы, инновацияларды дамытуға қуатты  серпін беруі тиіс.

   Астанада көрме өткізілгеннен кейін  инновациялық бизнесті табысты  дамыту  және  «болашақ  энергиясы»  технологияларын коммерцияландыруды  қамтамасыз ету үшін  қажетті  инфрақұрылым жұмыс істейтін  болады. 2021 жылға  қарай  жаңғыртылатын энергия  көздері  елімізде  өндірілетін барлық  электр  қуаты көлемінің 3%- ынан астамын  өндіреді.

Елбасы тарапынан «ЭКСПО-2017» инфрақұрылымының негізінде  «Астана» Халықаралық  қаржы орталығын құру  міндеті қойылды. Ол ағылшын құқығы қағидаттарына құрылған тәуелсіз заң жүйесі, сондай-ақ, Дубай және басқа да жетекші халықаралық қаржы  орталықтары секілді  өзінің  қатысушылары үшін  оңтайлы салық режимі  бар өңірлік  қаржы-инвестициялық хаб болады.

 

5.3.   ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУ ЖӘНЕ НӘТИЖЕЛІ МЕНШІК ИЕЛЕРІН ҚОЛДАУ

 

Әлемдегі дамыған экономикалардың отыздығына сенімді  қадам басу үшін біз мемлекеттің ұлттық  экономикадағы үлесін  азайтуға тиіспіз. Бұл біздің экономикамыздың жаңа ахуалда  бәсекеге қабілеттілігінің дамуы және ұлттың кәсіпкерлік  белсенділігіне кең жол ашу үшін маңызды.

Осыған орай  қазірдің өзінде  2020 жылға  дейін жекешелендірілетін мемлекеттік және  квазимемлекеттік сектордың 65 ірі компанияның Басымдықты Тізімі  қалыптастырылды.  Аса ірі  активтер  стратегиялық инвесторларға тікелей сату  немесе  қор  нарығына шығару жолымен, оның  ішінде  2018 жылғы  1  қаңтарға дейін  – «Астана» Халықаралық қаржы  орталығы (AІFC) алаңында сатылады.

Мемлекеттік қолдау  экспорттық  әлеуеті бар тиімді қазақстандық кәсіпорындарға шоғырландырылатын болады. Экспорт алдындағы және экспорттық кредиттеу мен сақтандыру құралдары тек ішкі, сондай-ақ, сыртқы  нарықтарда бәсекеге қабілетті,  жоғары экспорттық әлеуеті  мен шығарылатын өнімінің қосымша құны  жоғары кәсіпорындарға ғана қолжетімді болады.

«Made in Kazakhstan» ұлттық  брендін дамыту бойынша мақсатты жұмыс ұйымдастырылады. Біз, сонымен қатар, «Ұлттық чемпиондар» бағдарламасына қатысатын компанияларды қолдамақпыз. Олар, өз кезегінде,  өндірісті  жаңғырту, шығынды төмендету мен өнімділікті арттыру бойынша тікелей міндеттерді алады.  2018 жылға қарай  «Ұлттық чемпиондар» бағдарламасына қатысушы компаниялардың ақшалай түсімі  170 млрд  теңгеге,  жобаларға бөлінетін инвестициялары – 72 млрд  теңгеге,  өнімділігі 26 %-ға ұлғаяды.

Экономикалық бәсекелестікті ынталандыру мақсатында монополияға қарсы шаралар құрылып, жүзеге асырылады.

 

5.4. ОРТА ТАП – ЕЛДІҢ ЖАЛПЫ ДАМУЫНЫҢ РЕСУРСЫ

 

5 институттық реформа,  шағын  және орта бизнесті мемлекеттік қолдау,  кең ауқымды жекешелендіру орта тапты нығайтуға жаңа серпін береді.

Елбасы – партия  Көшбасшысы  2050 жылға қарай шағын  және орта бизнестің үлесін  ЖІӨ-нің 50%-ына жеткізу  міндетін қойып отыр.

Біз іскерлік  ахуалды жақсарту бойынша үлкен  жұмыс атқардық. 2015 жылы Дүниежүзілік Банк  Қазақстанды осы сала  бойынша әлемдегі  жетекші  реформатор деп танып,  еліміз «Doing Business» рейтингінде 41-ші  орын алды.

Біздің  партиямыз кәсіпкерлік қызметке жасалатын жағдайды әлемдегі  жетекші  елдердің деңгейіне  жеткізу  үшін  осы  реформаларды  жалғастырады. Басты екпін кедендік әкімшілік ұйымдастыру мен рұқсат беру жүйесін жақсартуға,  кредиттерді субсидиялау немесе  кепілдік беру процестерін автоматтандыруға түсіріледі.

2021 жылға қарай  Қазақстан  «Doing Business» рейтингінің ТОП-25 елінің қатарына  кіріп, мемлекеттің экономикадағы үлесінің  азаюын ескере келгенде, шағын және орта бизнестің  ЖІӨ-нің үлесі бүгінгі 25%-дан 30%-ға дейін артуы тиіс.

 

5.5. ЖАҢА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ САЯСАТ

 

Жаңа шынайы ахуал - инвестицияларды дамушы нарықтардың пайдасына шешпей, жаһандық қайта бөлу қаупін туындатуда. Бұл біздің елге де қатысты. Инвестициялар тартуда жаңа ізденістер  керек.

«Нұр Отан» партиясы Қазақстанда  Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы  (ЭЫДҰ) елдерінің деңгейіне сәйкес келетін инвестициялық климат қалыптастыруды басты міндет  ретінде  белгілейді.

Ел Президенті – партия  Көшбасшысы Нұрсұлтан  Назарбаев бұл үшін қажетті жағдайларды жасады.  2014 жылы  инвестициялар тарту,  инвестициялық белсенділікті арттыру үшін  сапалық  жаңа  және тартымды институттық орта қалып тастыру,  инфрақұрылымдық, әкімшілік және тәртіптік шектеулерді алып тастау, сондай-ақ, инвестициялық  белсенділіктің басым  түрлері  мен  тетіктерін қолдауды кеңейту мақсатында жаңа ынталандыру пакеттері қабылданды.

ЭЫДҰ ұсыныстарына сәйкес таяудағы 5 жылда  біз келесі бағыттар бойынша белсенді  жұмыс  жүргізетін боламыз:  жекеменшікті қорғау,  сот жүйесін жетілдіру, заңнамалардың тұрақтылығы, мемлекеттің экономикаға қатысуын азайту,  бәсекелесті орта, миграциялық заңнаманы ырықтандыру, визалық және миграциялық саясатты одан әрі оңайлату.

Инвестициялық ахуалды жақсарту үшін  жеке инвестициялар тарту,  қаржы көздерін  әртараптандыру бойынша жұмыстар  атқарылатын болады. Барлық  инвестициялық жобалар  өңірлерде жекелеген бағдарламаларға сәйкес жүзеге асырылып, бұл, өз кезегінде,  шағын  және орта бизнестің  жаңа  инвестициялық саясатты  жүзеге асыруға қатысуын арттыруды қамтамасыз етеді.

Жаңа инвестициялық саясаттың  маңызды бағыттарының бірі техникалық және  кәсіби  білім  беру жүйесін дамыту болады. Бұған қоса, смарт-технологиялар, киберфизикалық жүйелер,  болашақ  энергетикасы, жобалау  мен  инжиниринг салаларын  дамыту инвестициялық ахуалды жақсартудың жүйелі  шараларының бөлігіне айналады.

 

5.6. ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК

 

Мемлекет бюджетін әлемдегі конъюнктураның тұрақсыздығынан қорғау, салық түсімдерін ұлғайту және әкімшілік ұймдастыруды жақсарту мақсатында біз салық  жүйесін түбегейлі реформалаймыз.

Салық салудың екпіні  өндірістен ақырғы тұтынуға түсірілетін болады. Шағын  және  орта  бизнес  пен  ауыл  шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін кіріс пен  шығыстың есебі міндетті жүргізіле  отырып,  арнайы салық режимдері реформаланады.

Бұл  шаралар салық салудағы әкімшілік ұйымдастыруды оңайлатып, бизнес  жүргізудің ашықтығын арттырады және  кәсіпкерлік қызметтің барлық  түрі  үшін  тең  салық жағдайын  жасауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде  біз салық базасын  кеңейтіп, жалпыға ортақ декларациялауды енгізуге жағдай  жасайтын боламыз.

Салық реформасының мүлік  пен  ақшаны заңды  экономикалық айналымға қайтаруды ынталандырып, 2021 жылға  қарай  көлеңкелі экономиканың көлемін ЖІӨ- нің 29%-ынан 25%-ына дейін төмендетуге мүмкіндік беретіні аса маңызды.

Бюджет саясатының негізгі басымдықтары оны оңтайландыру, бюджет ресурстарын  қатаң  үнемдеу, Ұлттық қордың қаржысын  ұтымды және ұқыпты пайдалану, мемлекеттік шығындардың тиімділігін арттыру  болады.

Біздің  бірінші   кезектегі  мақсатымыз  –  бюджеттің   мұнайға қатыссыз тапшылығын 2016 жылғы ЖІӨ-нің 9,2%-ынан 2021 жылға қарай  бюджет шығындарын іріктеу  мен  оңтайландыру, шикізаттық емес түсімдерді арттыру және Ұлттық  қордың  қаржысын қосымша пайдалануға шектеу  қою есебінен  ЖІӨ-нің 6%-ына дейін қысқарту.

Мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамыту арқылы бюджеттің  қаржы  шығынының сервистік  моделіне көшу, міндетті сақтандыру тетіктерін енгізу негізінде  жеке сектордың ынтымақты жауапкершілігін арттыру, мемлекеттік қарызды тікелей ұлғайтусыз мемлекеттің кепілдігі мен  кепілгерлігін  қолдану жолымен біз мемлекеттік бюджетке  түсетін  салмақты түбегейлі азайтамыз.

«Нұр Отан» партиясы ақша-кредит саясатының басымдығы ретінде  инфляцияны тежеу деп санайды. Бұл ішкі жинақтардың өсімі, кредиттік және инвестициялық белсенділік,  тұтас экономиканың орнықты дамуы үшін  өте маңызды.  Біздің  міндетіміз – 2021 жылға  қарай  инфляцияны таргеттеу режиміне жүйелі түрде көшу.

Жоғарыда  көрсетілген бюджет және ақша-кредит саясатының шаралары зейнетақы жүйесінің тұрақтылығын ұстап  тұруға,  зейнетақы жинақтарының табыстылығын арттыру  мен зейнетақы қаржыларын инвестициялау міндеттерін шешуге, зейнеткерлерді әлеуметтік қорғауға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік  экономиканың барлық  саласында барынша көрініс  тауып,  түрлері  мен  пішіндерін кеңейту жолымен инфрақұрылымды дамытудың негізгі тетігіне  айналады.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына жеке капитал тартып,  оның инфрақұрылымын жаңғырту үшін  18 басты қалада коммуналдық қызмет көрсету секторының нысандарын басқару  немесе одан әрі жекешелендіруді көздейтін концессияға  беру жүзеге асырылады. Сонымен қатар,  әлеуметтік салаға  инвестициялар тарту үшін мемлекеттік-жекеменшік серіктестік  тетіктері қолданылады.

2017 жылдан бастап барлық  жергілікті инвестициялық жобаларды  республикалық бюджеттен  мақсатты трансферттер есебінен қаржыландыру толықтай жергілікті  деңгейге беріледі.

 

 

6. ЖАҢА ӘЛЕУМЕТТІК САЯСАТ

 

6.1. ТИІМДІ ӘЛЕУМЕТТІК МЕМЛЕКЕТ

 

Партия мемлекеттік қызметтің жаңа моделі негізінде  тиімді мемлекеттік аппарат  құруды мақсат  тұтады.  Бұл ел азаматтарына көрсетілетін қызметтің сапасын  жаңа  деңгейге көтеріп,  ЭЫДҰ стандарттарына жақындауға мүмкіндік береді.

2017 жылдан бастап  мемлекеттік қызметшінің еңбекақы көлемі  жауапкершілігінің деңгейі  мен  стратегиялық мақсаттарға жетудегі  үлесіне  байланысты айқындалады.

2016 жылы Елбасы – партия  Көшбасшысының тапсырмасы бойынша азаматтық қызметшілердің еңбегіне ақы төлеудің жаңа моделін енгізу үшін 273 млрд теңге бөлінеді.  Бұл мұғалімдердің, дәрігерлердің, мәдениет және әлеуметтік сала қызметкерлерінің біліктілігіне байланысты еңбекақысын сараланған тұрғыда  арттыруға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік қызметтердің тиімділігін арттыру үшін  біз олардың заманауи  технологияларды қолдану арқылы  оларды  автоматтандыруды одан әрі  жалғастырамыз. Халыққа  қызмет көрсету орталықтарының негізінде  мемлекеттік қызмет көрсетудің біртұтас провайдері - «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы құрылады.

Мемлекеттік корпорацияны құру  барлық  мемлекеттік қызметтер бойынша сапаның біртұтас  стандарттарын сақтауды қамтамасыз етіп, қызмет алушылармен жұмыстың толық  айналымын жүзеге асыруға  мүмкіндік туғызады. Осылайша,  2021 жылға  қарай  мемлекеттік секторда  мемлекеттік органдар  жұмысын ақпараттандырудың  сервистік моделі енгізілетін болады.

 

6.2. ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ӘЛСІЗ ТОПТАРЫН  ҚОЛДАУ

 

Ел азаматтарының әлеуметтік игілігі – ұзақмерзімді орнықты дамудың негізі. Жаһандық сын-қатерлер халықтың жекелеген топтарының өмір сүру деңгейін төмендетуге қауіп  төндірген жағдайда мемлекет оларды  қорғаудың шараларын қарастырып қойған.

Әлемдік  экономикалық өсу қарқыны  төмендеген жағдайда атаулы  әлеуметтік  көмек жүйесі  жаңартылатын болады.

Әлеуметтік көмек  әр отбасының табысына  байланысты тек оған мұқтаж  адамдарға ғана беріледі.

Егер отбасында  еңбекке  қабілетті адамдар болса, онда  атаулы  көмек олар өңірлерде жүзеге асырылатын  еңбекпен қамту  бағдарламаларына қатысқан жағдайда тағайындалады.

Көпбалалы және аз қамтылған отбасылар қазір беріліп  жүрген  әлеуметтік төлемдер түрлерінің жалпы сомасына тең көлемде бірыңғай жәрдемақы алатын болады.

Алынатын көмектің көлемін арттыру үшін  кедейлік шегі күнкөріс  минимумы көлемінің 40-тан  50%-ына дейін көтеріледі. Оған қоса, күнкөріс  минимумының өзі халықтың азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен қызметтерге іс жүзіндегі  шығыстарын есепке  ала отырып,  2018 жылғы  1 қаңтардан бастап қайта қаралатын болады.

 

 

6.3. ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ

 

«Нұр Отан» партиясы жаппай  жұмыссыздықтың алдын  алуды  жаһандық дағдарысқа қарсы тұрудағы шешуші шаралардың бірі деп санайды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы  2020» бағдарламасының арқасында біз жұмыссыздықтан қорғаудың дағдарысқа алдыңғы қатарлы қарсы тәжірибесіне  иеміз. Бұл бағдарлама жаңа қатерлерді ескере отырып,  күшейтілуі тиіс деп санаймыз.

1)      Жұмыспен қамтуды қолдау   кәсіби  оқуды   ынталандыру  және  біліктілікті арттыру  жолымен жүргізіледі.  Бұл орайда,  экономика салаларындағы еңбек ресурстарына болжамды сұраныс  пен  мемлекеттік, үкіметтік және өңірлік  дамыту бағдарламаларының қажеттіліктері ескерілетін болады.

2)    Әлемдік   баға  конъюнктурасына  байланысты  өндіріс   көлемі   немесе өнімдер  бағасы  төмендеген жағдайда жұмысшылар саны  250 адамнан кем  емес ірі өнеркәсіп  орындарында жоғары білікті қызметкерлердің жаппай жұмыстан босатылуына жол бермеу  мақсатында жұмыс  уақыты  қысқарған  жағдайда жоғалған  кірістің үштен  екісі мөлшерінде уақытша субсидиялау жасалады.

3)   Өнеркәсіп кәсіпорындарында жоғары білікті  мамандардың жаппай жұмыстан босатылуына жол бермеу  мақсатында қызметкерлердің  өндірістен қол үзбей қайта даярлықтан өтуі мен біліктілігін арттыруы үшін жұмыс берушілерге гранттар бөлінетін  болады.

4)    18-ден 24 жасқа  дейінгі  жұмысшы жастарды жұмыс берушінің жұмыс орындарын сақтауы шартымен және еңбекақы  төленбестен  кәсіптік  оқыту  ұйымдастырылатын болады.

5)    Халықтың   ретсіз  орналасуы  мәселелерін  шешу   үшін   жұмыс күші  артық өңірлерден қоныс аударушыларға көлік шығындарын жабатын,  қызмет бабындағы баспана,  болмаса жатақханадан бөлме ұсынатын әлеуметтік пакет, сондай-ақ, шағын  несиелер  беріледі.

6)    Қонақ  үй кешендері, қоғамдық тамақтану орындары, такси  және ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі қонақтарына қызмет көрсету бойынша басқа да салаларға  кадрлар даярлау және  қызметкерлерді оқыту  үшін  қысқамерзімді курстар ұйымдастырылады.

Алдағы уақытта жеке меншік бизнеске шағын  несиелер беруге, жұмысшыларды қайта даярлау мен біліктілігін арттыруға арналған қаржыландыру көлемі ұлғаятын болады.

«Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту»  партиялық жобасының шеңберінде ауыл тұрғындарына отбасылық бизнесті дамыту, оның ішінде мал шаруашылығымен шұғылдану және  ауылшаруашылық  кооперативтерін құру  үшін  шағын  несиелер беру жалғасатын болады. Бұл ауыл  тұрғындарына қосымша табыс табуға мүмкіндік береді.

 

6.4. ЖАҢА ТҰРҒЫН ҮЙ САЯСАТЫ

 

Партияның тұрғын  үй  саясатындағы қазіргі  кезең  үшін  басты  басымдық жалға берілетін тұрғын үйді  дамыту болып табылады.

Жалға  берілетін  тұрғын  үй  құрылысы –  партия  Көшбасшысы  бастамашы болған «Нұрлы жол» Мемлекеттік инфрақұрылымдық даму бағдарламасының маңызды бөлігі.

Жалға берілетін  тұрғын  үй – бұл ел азаматтарын, ең алдымен, жас отбасыларды дербес баспанамен қамтамасыз ету үшін  прагматикалық және нақты жол. Ол әсіресе халықтың әлеуметтік әлсіз  топтары  үшін  неғұрлым қолжетімді және сұранысқа ие құрал.

Жалға берілетін тұрғын  үй қымбат ипотекалық займдарға балама болады және қолжетімді баспанаға  мұқтаждарды барынша көп қамтуға жағдай  жасайды.

2020  жылға   дейін   «Нұрлы  жол»  Мемлекеттік  бағдарламасы  аясында   1,4 млн  шаршы метр жалға берілетін  тұрғын  үй салынады. Жалға берілетін  тұрғын  үй құрылысы барысында біздің ел экономикасы үшін  мультипликативті әсер алатынымыз да өте маңызды – құрылыстағы 1 жұмыс орны сабақтас салаларда 6-ға дейін қосымша жұмыс орындарын ашады.

 

6.5.      ДЕНСАУЛЫҚ   САҚТАУ  МЕН БІЛІМ БЕРУДІ  ҮЗДІК ӘЛЕМДІК  СТАНДАРТТАРҒА ЖЕТКІЗУ

 

Ең дамыған мемлекеттердің отыздығына қарай  табысты ілгерілеу жаңа өмір сапасына  көшуді  көздейді. Сондықтан «Нұр Отан» партиясы қамқорлық жасайтын  айрықша сала – денсаулық сақтау  мен  білім  беру. Мұнда біз ЭЫДҰ елдерінің үздік әлемдік стандарттарына бағдар ұстанамыз.

Денсаулық  сақтау  саласында 2017 жылғы  1 шілдеден бастап мемлекеттің, жұмыс берушілер мен қызметкерлердің ынтымақты жауапкершілігін қарастыратын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізіледі. Халық қолжетімді  және сапалы  медициналық қызметпен қамтамасыз етіліп,  бұл жүйе қаржылық тұрақты және ашық  болуы тиіс.

Зиянды  факторлардың қазақстандықтардың денсаулығына әсерін ұзақмерзімді болжау  және  оның  алдын  алу  үшін  алғашқы  денсаулық сақтау,  санитарлық-эпидемиологиялық қызмет,  саламатты өмір салты  және саламатты тамақтануды  ілгерілету қызметтерін интеграциялау негізінде  қоғамдық денсаулық сақтау қызметі құрылатын болады.

Алғашқы денсаулық сақтауды дамыту басты басымдықта болады, ол пациенттердің шынайы  мұқтаждықтары  төңірегінде түзілген  денсаулық сақтаудың интеграцияланған  жүйесінің негізі  болып  қана  қоймай, сонымен бірге, стационарлардағы  ауру зардаптарын емдеу  шығындарын төмендетуге де жағдай  жасайды. Отбасылық дәрігерлер медицинамыздың орталық және үйлестіруші буыны  болуға тиіс. Ол халықтың да, мемлекеттің де мүддесіне сай келеді.

Нәтижесінде  2021 жылға қарай  күтілетін өмір сүру ұзақтығы  73 жастан асады, өлім  деңгейі  10%-дан астамға,  яғни,  мың  адамға  шаққанда 7,6-дан 6,28-ге дейін төмендейді.

 

***

 

Білім беру жүйесінде біз өмір бойы оқытуды қамтамасыз ету бойынша жұмысты  жалғастыратын боламыз. Ол бес сатыдан тұрады: балаларды  ерте бастан дамыту, бастауыш  және  орта білім,  кәсіптік  даярлық,  кәсіпкерлік және жаңашылдық, сондай-ақ, дамуға  септесетін сапалы жұмыс орындарын құру.

Мұндай көзқарас инновациялық өсім, жұмыс күшінің мобильдігі және өнімді  еңбек ету үшін орта қалыптастырады.

Білім  беру  жүйесі  толықтай еңбек  нарығының мұқтаждықтарына,  бәсекеге қабілетті білікті  кадрларды даярлауға  бағдар  ұстанады. Білім  беру саласында 2016-2017 оқу  жылынан Назарбаев  зияткерлік мектептері тәжірибесі  бойынша білім берудің жаңа мазмұнын енгізу, жан басына қаржыландыруды сынақ  түрінде  байқау сатылап  басталатын болады.

2017 жылдан бастап Елбасы – партия  Көшбасшысының тапсырмасы бойынша «Баршаға арналған  тегін  кәсіптік-техникалық білім»  жаңа білім беру жобасы жүзеге асырыла  бастайды.

Біз халықаралық стандарттар бойынша аккредиттеуді енгізу,  сырттай  оқудан қашықтықтан оқуға көшу жолымен оларды  нығайтып және санын оңтайландыра отырып,  жоғары оқу орындарының жүйелі  трансформациясын жүргіземіз.

Ағылшын  тілінде оқытуға  біртіндеп көшу  үшін  соған сай кадрлар, ағылшын тілінде  оқу құралдары мен білім беру бағдарламаларын дайындау бойынша шаралар қабылданады.

2021 жылға қарай  үштілділік қазақстандық қоғам  үшін  қалыпты көрініске  айналады, халықтың 30%-ы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде еркін сөйлейтін болады.

 

6.6. ЖАҢА ЕҢБЕК САЯСАТЫ

 

Жаһандық тұрақсыздық жағдайында еңбекті  басты міндетті құндылық деп санайтын ұлттар табысқа жете алады.  Елбасы – партия  Көшбасшысының халқымызға Жалпыға  Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын  ұсынуы  кездейсоқтық емес.

Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы – біздің партия үшін бағдар, әлеуметтік жаңғыруды жүзеге асырудағы нақты саясаты.

Өнімді еңбек етуді және халықтың мобильдігін ұлғайту жолымен еңбек нарығындағы тиімді ұсыныстарды қолдау, еңбек ресурстарының біліктілік  деңгейін және  еңбек  нарығындағы тепе-теңдікті арттыру  Жалпыға  ортақ Еңбек Қоғамын  құрудың негізгі міндеттер болып табылады.

Еңбек нарығы  жұмыс істеудегі  жаңа  жағдайларға бейімделіп, елеулі  еңбек ресурстарының ағынына дайындалатын  болады.  Соған  байланысты ауылдық жерлерде  артық  еңбек  ресурстарының айтарлықтай  азаюы, қызмет көрсету  саласында жұмыспен қамтудың өсуі, сондай-ақ, урбанизация мен Алматы,  Астана,  Шымкент  және  Ақтөбе агломерацияларының жедел  дамуы есебінен  жұмыспен қамтудың құрылымы өзгереді.

Экономиканың білікті жұмыс күшіне деген сұранысын қамтамасыз ету үшін Жұмыспен  қамту орталықтары «бір терезе»  қағидаты бойынша кадрдаярлау  мен қайта  даярлау  және оларды  жұмысқа  орналыстыру бойынша қызмет  көрсететін Біліктілік орталықтарына трансформацияланады.

Агроөнеркәсіп  кешеніндегі басы артық  жұмыспен қамтудың төмендеуі еңбек ресурстарының ауылдардан қалаларға қарай  ауысуына әкеліп,  оларды  болашақта экономикалық өсудің драйверіне айналдырады.

 

7. ҚАУІПСІЗДІК ЖӘНЕ ТҰРАҚТЫЛЫҚ

 

Қазақстандықтар бейбіт және қауіпсіз өмір сүруге тиіс. Тұрақты экономика, тұрақты саясат, тұрақты қоғам – бұл әрдайым ұстанған бағытымыз және бұл бағыттан таймауға тиіспіз.

Нұрсұлтан  Назарбаев

 

7.1. ҚАЗАҚСТАННЫҢ  БЕЙБІТ СЫРТҚЫ САЯСАТЫ

 

Партия  біздің  Көшбасшымыздың халықаралық  бастамаларын ілгерілетуге жағдай  жасайды,  сондай-ақ, геосаяси ахуал шиеленіскен тұста жұртшылықты Мемлекет  басшысының стратегиялық бағытының төңірегінде топтастыратын болады.

Жаһандық терроризм мен  экстремизм қаупі,  халықаралық құқықтың әлсіреуі мен жаһандық институттар рөлінің  төмендеуі – осының  бәрі Қазақстанның халықаралық күн тәртібіне теріс әсер етуі мүмкін.

Біз өз еліміздің халықаралық аренадағы жаһандық ұстанымын ілгерілетуге ұмтыла беретін  боламыз,  өйткені ірі халықаралық ойыншы ретіндегі  біздің мемлекетіміздің ұлттық қауіпсіздігі де осыған байланысты.

Қазақстан   көпвекторлы сыртқы   саясатын   жалғастыра бермек.  Біздің  ниетіміз төмендегідей:

•    елдің   негізгі   әріптестері    –   Ресеймен,   Қытаймен,  АҚШ-пен,  Еуропа

Одағымен,  ТМД мемлекеттерімен стратегиялық қарым-қатынастарды нығайту;

•    Орталық  Азия елдерімен өзара іс-қимылды нығайтуды жалғастыру;

•    экономикалық интеграцияны одан  әрі дамытуға және Еуразиялық экономикалық одақта,  Дүниежүзілік сауда  ұйымында ұлттық мүдделерді нығайтуға жағдай  жасау;

•   конфессияаралық, өркениетаралық және мәдениетаралық үнқатысуды жолға қою үшін күш-жігерді ұлғайту;

•    Елбасының  халықаралық институттарды интеграциялау, жаңғырту, халықаралық және өңірлік  қауіпсіздіктің жаңа  жүйесін  қалыптастыру, ядролық қауіп деңгейін төмендету жөніндегі  бастамаларын ілгерілету және жүзеге асыру;

•    жаппай қырып-жою қаруын таратпау, халықаралық терроризм мен  экстремизм, есірткі тасымалы, заңсыз  көші-қон, экология  проблемаларын шешуге  белсенді атсалысу;

•    Шетелде Қазақстан  азаматтарының құқықтарын пәрменді қорғау.

 

7.2. СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН  КҮРЕС

 

Қазіргі кезеңде  сыбайлас  жемқорлықты еңсеру  ел дамуының аса маңызды басымдықтарының бірі болып табылады. Жемқорлық деңгейін күрт төмендетпейінше экономикалық қауіпсіздікті, көлеңкелі экономиканы қысқартуды, шағын  және орта бизнесті дамыту мүмкін емес.

Президент  Нұрсұлтан  Назарбаевтың 5 институттық  реформасы және  «Нұр Отанның»  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы  2015-2025 жылдарға арналған бағдарламасы ел  сыртқы  тәуекелдермен және  дүмпулермен бетпе-бет  келіп  отырған  бүгінгі таңда  бұрынғыдан да көкейкесті бола түседі. Міне, осы орайда біздің партия  жемқорлықтың кез келген  көріністеріне мүлде  төзбеушілік ахуалын  қалыптастыру жолымен жемқорлыққа қарсы қозғалысқа бүкіл қоғамды тартуға  күш  салады.

Елдің болашағы  және азаматтардың лайықты өмір  сүруін  қамтамасыз ету үшін  өзімізге  тарихи  жауапкершілік жүктей  отырып,  біз бүкіл  қоғамның күш-жігерін жемқорлыққа ымырасыз қарсы тұруға, оның  пайда  болу себептерін  жоюға жұмылдырамыз.

2021 жылға қарай  біз Жемқорлықты қабылдау индексіндегі қазіргі  позицияны 126-дан 50-орынға дейін  жақсартамыз.

Жемқорлық – қаупі  жағынан экстремизмнен еш кем емес жау. Сондықтан, «Нұр Отан» жемқорлықпен дәл сондай тұрғыда  аяусыз күресетін  болады.

 

7.3. ЭТНОСАРАЛЫҚ ТАТУЛЫҚ ПЕН КЕЛІСІМДІ ҚОРҒАУ

 

Әлемдегі дүмпулер өршіп, дүниежүзілік экстремизм және терроризм өрістеп тұрған  қазіргідей уақытта «Нұр Отанның»  міндеті – ел азаматтарының бейбіт өмірін қорғау.

«Нұр Отан» партиясының Көшбасшысы, Елбасы Қазақстанда этносаралық бейбітшіліктің бірегей моделін құрды.  Біз Қазақстан  халқы  Ассамблеясымен  бірге көпұлтты халықтың одан әрі дамуына және бейбітшілік пен келісімді нығайтуға ықпал етіп, түрлі этностар мен мәдениеттер үнқатысуының жалпыұлттық алаңы ретінде  танылатын боламыз.

Ерен КӨШБАСШЫЛЫҚПЕН нығайтылған бірлік пен келісім  – XXI ғасырдағы қазақстандық табыстың  басты формуласы  осы.

«Нұр Отан» – бейбітшілік пен келісім партиясы.

 

8. БІРГЕМІЗ – БЕРІК ІРГЕМІЗ: ХХІ ҒАСЫРДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН

 

Біз, қазақстандықтар, біртұтас халықпыз! Және біздің ортақ тағдырымыз – ол біздің Мәңгілік Ел, біздің лайықты да  ұлы Қазақстан!

«Мәңгілік Ел» – ол біздің жалпықазақстандық үйіміздің ұлттық идеясы, біздің ата-бабаларымыздың арманы. Егемен даму жылдарында барлық қазақстандықтарды біріктіретін және еліміздің болашағының іргетасын құрайтын басты құндылықтар жасалды. Олар қиялдағы теориялардан алынған жоқ. Ол құндылықтар – уақыт сынағына төтеп берген қазақстандық жолдың тәжірибесі.

 

Нұрсұлтан  Назарбаев

 

Қымбатты  отандастар!

 

Осы Бағдарламада алға  қойылған мақсаттарға қол  жеткізу  жолы  бүкіл  қазақстандықтардың бірлескен іс-қимылында жатыр. Сондықтан да партиямыз Қазақстанның барлық  азаматтарын бірлікке  шақырады. Жаһандық қауіп-қатерлер алдында тек бірлесу арқылы ғана біз дағдарысты еңсеріп, одан әрі қарышты дамуды жалғастырамыз.

«Нұр Отан» партиясы осынау күн сайынғы күресте ауызбіршілікті, ұйымшылдықты, сенімділікті нығайтуға және ұлғайта түсуге шақырады. Бүгінгі біздің басты миссиямыз – қоғамды Елбасы Нұрсұлтан  Назарбаевтың төңірегіне топтастыру. Оның стратегиялық бағыты дағдарыстан нығайып және бәсекеге анағұрлым қабілетті болып шығуға  жағдай  жасайды.

«Нұр Отан» партиясы барлық  отаншыл азаматтарды еліміздің игілігі  үшін «Қазақстан  –  2021: Бірлік.  Тұрақтылық. Жасампаздық» сайлауалды  бағдарламасын қолдауға шақырады!

 

 

 




Ескі сайттың мұрағаты

WhatsApp Талдыкорган: +7 776 215 0555

Если Вы стали свидетелем какого-либо нарушения в г. Талдыкорган - необоснованного ценообразования, нарушения правил дорожного движения, мест стихийных свалок мусора, обрывов линий электропередач и водопроводов, упавших деревьев и билбордов, появлению бродячих животных или административному правонарушению - обращайтесь на горячую линию посредством Вашего смартфона используя сервис WhatsApp.

Создано на платформе Alison CMS © 2011-2018. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.
Дизайн и разработка сайта от компании Licon.